Вверх
Государственное учреждение "Управление образования Акмолинской области"
Акмолинская областная образовательная сеть
Список статей
Көкшетауда «Тіл дарын» атты облыстық шығармашылық жобалар байқауының жеңімпаздары анықталды

Бүгін Көкшетауда өзге ұлт өкілдерінің 2-11 сынып оқушылары арасындағы «Тіл дарын» облыстық шығармашылық жобалар байқауы өз мәресіне жетті. Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі бұл шараның «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында өткендігін хабарлайды.

«Тіл дарын» байқауында балалар өздерінің тәжірибелік, зерттеушілік, аналитикалық, тарихи және өнертапқыштық бағыттағы шығармашылық жобаларын ұсынды. Оқушылар өз жұмыстарының мазмұнын мына секциялар бойынша қазақ тілінде таныстырды: менің шежірем, менің кіші Отаным, Астана – арман қала, қазақ халқының музыкалық өнері, менің ауылымның тарихы, қазақ халқының салт-дәстүрлері, мемлекеттік тілдің мәртебесі, Қазақстанның ұлттық-қолданбалы өнері. Оқушылар, сондай-ақ, негізгі секцияларға сәйкес келетін өз шығармашылық жобаларының тақырыбын ұсына білді.

Байқаудың ұйымдастырушысы – Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы «Өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығы» КММ.

Шараға облыстың барлық өңірінен жалпы 136 оқушы қатысты. 58 оқушы І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Зеренді ауданы, Абай атындағы орта мектептің оқушысы Нимиткин Руслан байқаудан алған әсерімен бөлісті: «Бүгін мен І орынды иеленіп, 110 мың теңге ақшалай сертификатын қанжығама байлағаныма өте қуаныштымын. Мен қазақ тілін қызыға оқимын! Қазақстанда туғаныма да мақтанамын!».

«Тіл дарын» байқауының Ақмола облысында екінші мәрте өткендігін айта кету керек. Шараның басты мақсаты өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыру.

Автор: Д. Есенбаева
Просмотров: 730
Дата создания: 31 Октября 2017 г.
Дата редактирования: 1 Ноября 2017 г.